АСТАНА, 18 қараша – Sputnik. Астананың кейбір аудандарында тозығы жеткен және апатты жағдайда тұрған тұрғын үйлер сүріледі, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісіне "Астана бас жоспары" ҒЗЖИ директорының орынбасары Қуаныш Қабдуалиев.
"Негізінен елорданың оң жағалауындағы тұрғын үйлер бұзылады. Асан Қайғы, Ұлы Дала, Сарыарқа және Бейсеков көшелерінің бойында сүріп тастау, әрі қарай қайта жаңарту жұмыстары жүргізілмек. Біз қаланың оң жағалауын ұмытып кеттік, бар назарымыз сол жағалауда болды. Біз мұны түзетеміз", - деді Қуаныш Қабдуалиев.
Осылайша, мамандар қаланың оң жағалау бөлігін дамытуды көздеп отыр. "Астана бас жоспары" директоры орынбасарының айтуынша, Асан Қайғы көшесі бойындағы аумақтарды реконструкциялау және жаңарту жобасы сонау 2018 жылы әзірленген.
"Бұл көше елорданың оң және сол жағалауын жалғайды. Бас жоспар сонау 2018 жылы әзірленген. Оған сәйкес ол жерде жаңа тұрғын үй кешендері, саябақтар мен әлеуметтік нысандар бой көтереді. Жоғарыда аталған аудандардың тұрғындары бұл хабарды жылы қабылдап, тілектерін білдірді", - деп толықтырды ол.
Ал сүру жұмыстарын қаржыландыру мәселесі шешімін таппай отыр.
Бұл туралы Астана қаласын 2035 жылға дейін дамытудың бас жоспарын таныстыру кезінде белгілі болды.