Қазақстанда ірі теміржол жобасының құрылысы басталды

Sputnik
АСТАНА, 17 қараша – Sputnik. Бүгін Қарағанды облысында Достық – Мойынты теміржол учаскесінде екінші жолдың құрылысы басталды.
Жұмысты іске қосу рәсіміне телекөпір режимінде премьер-министр Әлихан Смайылов қатысты, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
"Міне, бүгін Достық – Мойынты екінші теміржол құрылысын бастағалы тұрмыз. Бұл жоба осы бағытта өткізу мүмкіндігін 5 есеге арттыруға мүмкіндік береді және экспорттық тасымал мәселесін толық шешеді", — деді Смайылов.
Достық – Мойынты теміржол учаскесінде екінші жолдың құрылысы басталды
Үкіметтің мәліметінше, ұзындығы 836 км жаңа теміржол желісін іске қосу отандық өнімнің экспортын ұлғайтуға және елдің транзиттік әлеуетінің өсуіне ықпал етпек. Құрылыс барысында 419 құрылыс нысаны (5 ірі көпір, 87 шағын және орта масштабтағы көпір, 288 су жүргізу құбыры, 14 автожол өткелі), сондай-ақ энергетика және байланыс объектілерін салу жоспарланып отыр. Құрылыс 2025 жылдың 4-тоқсанында аяқталуға тиіс.
Айта кетері, соңғы бес жылда елімізде транзитпен контейнер тасымалдау көлемі 4,4 есе өсті, биылғы 10 айда экспорттағы жүк айналымы 74 млрд тонна-километрден асты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11%-ға артық.
Жобаны іске асыру кезінде Қазақстанның үлесі 80%-дан асады. Атап айтқанда, шпалдарды, рельстерді, трансформаторларды жасауды, инертті материалдарды, құм мен қиыршық тасты жеткізуді жергілікті компаниялар жүзеге асыратын болады. Сонымен қатар құрылысқа 3 700 адам жұмылдырылмақ, ал теміржол желісі пайдалануға берілген кезде 500 адам тұрақты жұмысқа орналастырылады.