АЛМАТЫ, 17 қараша - Sputnik. Астанада Момышұлы даңғылындағы 15 қабатты үйде болған өрттен тұрғындарды аман алып шыққан өрт сөндіруші ауыр жағдайда ауруханада жатыр, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Өрт сөндірушілер өз өмірін қатерге тігіп, бес адамды аман алып шығарды. Өрт сөндірушілердің бірі – Асқар Забикулин зардап шеккендерге көмектескенімен өзін қатты күйік шалған.
Өрт көпқабатты үйдің 11-қабатында болған. Өрт сөндіруші Асқар Забикулин пәтерге терезе арқылы кіру үшін құтқару арқаны арқылы 12-қабаттан 11-қабатқа түскен. Ол 80 жастағы әжей мен 22 жастағы немересін тауып, оларды оттан шығарды. Сондай-ақ көрші пәтерге жүгіріп барып, балконға жасырынған және қою түтіннің салдарынан шыға алмай қалған 10 жасар баланы құтқарып үлгерді.
Асқар Забикулин асқан жанкештілігінің арқасында алапат өрттен бірнеше адамды құтқарып қалды, алайда өзі ауыр жарақат алып, өте ауыр жағдайда ауруханада жатыр. Өрт сөндірушіге беттің, арқаның, іштің, аяқтың жоғарғы және төменгі жағының 2-3 дәрежелі күйіктері, күйіктік шок деген диагноз қойылды.
Оның денесінің 80% -ін күйген. Қазір Асқар Забикулин жасанды тыныс алдыру аппаратында жатыр.