Табиғи байлықтың емес, адам капиталының маңызы артқан дәуірге қадам бастық – Тоқаев

Sputnik
АЛМАТЫ, 16 қараша – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев алматылық студенттермен және жас ғалымдармен кездесті, деп хабарлайды президенттің баспасөз қызметі.
Президент студенттермен және жас ғалымдармен кездесуінде ғылыми жобалар мен технологиялық стартаптардың ел үшін мәні зор екенін айтты.
"Ғылым алып индустрияға айналды. Бұл сала бүкіл экономиканы жаңа деңгейге көтеретін сектор ретінде қалыптасып келеді. Біз осы әлемдік үрдістен шет қалмауымыз керек. Еліміз талай жыл бойы негізінен мұнайға арқа сүйеп келді. Бірақ қазір – заман басқа. Табиғи байлықтың емес, адам капиталының маңызы артқан дәуірге қадам бастық", - деді мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, инженер болу мәртебелі әрі экономикалық тұрғыдан тиімді мамандыққа айналды. Соңғы жылдары жастардың техникалық мамандықтарға деген қызығушылығы артып келе жатқаны байқалады.
Қазір еліміздегі 610 мың студенттің 112 мыңы техникалық мамандықтар бойынша білім алып жатыр. Қазақстанда экономиканың жаңа салалары жедел дамып келеді. Мысалы, тек отандық IT секторда алдағы жылдары 150 мың жаңа жұмыс орны пайда болады.
"Бұдан былай Қазақстанның бүкіл табиғи байлығы олигархтар мен олардың мүддесін қорғайтын плутократ-шенеуніктерге емес, бүкіл халыққа тиесілі болады. Бұл маңызды ережені Конституция деңгейінде бекіттік. Алайда еліміздің ең басты байлығы – адам. Сондықтан мемлекеттің ең басты міндеті – олардың өз қарым-қабілетін іске асыруына барлық қажетті жағдайды жасау", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.