Смайылов Skoda Transportation басшысымен елімізде өндіріс ашу мәселесін талқылады

Тараптар республикада теміржол және қалалық қоғамдық көлік шығару, техникалық қызмет көрсету және жаңғырту жөніндегі жобаларды іске қосу перспективаларын талқылады
Sputnik
АСТАНА, 16 қараша – Sputnik. Премьер-министр Әлихан Смайылов Skoda Transportation компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Дидье Пфлегермен келіссөз жүргізді. Бұл туралы үкімет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.
Премьер-министр инвесторлар үшін түрлі салықтық және кедендік жеңілдік қарастырылғанын ескере отырып, компанияның елімізде нақты жобаларды жүзеге асыратынына сенім білдірді. Осы орайда ол локализациясы жоғары және толық циклді өндіріс ашу мәселесін қарастыруды ұсынды.
"Қазақстан үкіметі машина жасау саласына ерекше көңіл бөледі, сондықтан біз шетелдік әріптестермен ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз. Сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыруға қазақстандық машина жасау кәсіпорындарын тартуға болады деп санаймыз", - деді Әлихан Смайылов.
Премьер-министр Skoda Transportation компаниясымен өзара тиімді ықпалдастықты пысықтау үшін барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қатысуымен арнайы жұмыс тобы құрылғанын атап өтті.
Ал Дидье Пфлегер компания жаңа нарықтарды бағындыруға дайын екенін, сондықтан өз өндірісін орналастыру және дамыту үшін Қазақстанды перспективті серіктес ретінде қарастырып отырғанын айтты.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара тиімді жобаларды әзірлеу бойынша белсенді жұмысты жалғастыру жөнінде келісті.