АЛМАТЫ, 16 қараша – Sputnik. "Сары-өмір" қысқаметражды жобасы Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы байқауының жеңімпазы атанып, мемлекеттік қаржыландыруға ие болды, деп хабарлайды ұлттық кино орталығының баспасөз қызметі.
Фильм алыс ауылдағы туыстарына келген Аян есімді бала туралы баяндайды. Аян әжесінен үйдің жанындағы қабір туралы әңгімені естиді және содан бері біртүрлі нәрселерді байқайды. Оның артынан біреу жүргендей сезім мазалайды. Аян өз қорқынышын біржола жеңу үшін онымен бетпе-бет келуі керек...
"Мен бұл фильмді ойластырғанда Мартин Лютер Кингтің "зорлық-зомбылық тек зорлық-зомбылықты тудырады" деген сөзіне жүгіндім. Мен жауыздықтың жазаланғанын қалаймын. Фильмнің соңы шынымен де қатыгез және қатал, бірақ мен үшін бұл жалғыз логикалық финал", - дейді режиссер Рүстем Дастанұлы.
Фильм Қонаев қаласының маңында 31 тамыздан 8 қыркүйекке арасында түсірілді. Картинаның режиссері киноорталықпен серіктестікте жұмыс істеудің алғашқы тәжірибесін дебютант үшін пайдалы деп есептейді және жас кинематографистерді өз күштерін сынап, конкурсқа қатысудан қорықпауға шақырады.
Фильмнің режиссері Рүстем Дастанұлы үшін ғана емес, сонымен бірге қоюшы-оператор Мұхаммедали Есенбай мен қоюшы-суретші Мадина Есманова үшін де бұл жоба дебюттік жұмыс болды. Фильмнің сценарийін Думан Дендер жазған. Басты рөлді жас актер Нұрәлі Пірмағанбет сомдап шықты.