АСТАНА, 16 қараша – Sputnik. "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының инвесторлар алындағы қарызы 8 млрд 366 млн долларға жеткен. Бұл туралы компания басшысы Мағзұм Мырзағалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгінде қарыздың басым бөлігі – шетелдік инвесторлардың қаржысы.
"30 маусымдағы жағдай бойынша, яғни 2022 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша компанияның жалпы қарызы 8 млрд 366 млн долларды құрайды. Бізде инвесторлар алдындағы қарызды өтеудің жатық әрі ыңғайлы графигі бар", - деді Мырзағалиев астанада өткен брифингте.
Оның айтуынша, компанияның қарызы жоспарлы түрде төмендеп келеді. ҚазМұнайГаз бірнеше жылдан бері еуробондтар шығарып, халықаралық нарықтарда орналастырады. 2014 жылы компанияның қарызы шамамен 19 млрд доллар болған.
Айта кетері, биыл ҚазМұнайГаз IPO-ға шығып, 30,5 миллион жай акциясын сатуды жоспарлап отыр. Әрбір акцияның бағасы – 8 406 теңге.
Бүгін "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының басшысы Мағзұм Мырзағалиев халыққа сатылатын акциялардан қанша табыс табуға болатынын айтты.