Байқоңыр орталығында бұзақылар полицейді соққыға жықты

Тәртіп сақшысы көмекке келген әріптестерінің арқасында ауыр жарақаттан аман қалды
Sputnik
АСТАНА, 16 қараша – Sputnik. Бұзақылық жасағаны үшін ұстамақ болған полицейге қарсылық көрсеткен Байқоңырдың екі тұрғыны бес жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Қаланың дәл ортасында, "Центральная" қонақүйінің маңында форма киген тәртіп сақшысы ер адамдардың жанына келіп, құжаттарын көрсетуді сұраған.
"Анығында, сол сәтте жаңағы екі ер адам ұсақ бұзақылық жасап тұрған, ал полицей өз міндетін атқарып, құқық бұзушылықтың жолын кесуге тырысқан", – деп хабарлады "Байқоңыр" кешенінің прокуратурасы. – Бұзақылар полиция қызметкерінің заңды талабын елемей, бейтаныс адамдардың көзінше полицейге балағат сөздер айтып, соққыға жыққан".
Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары әріптестеріне көмектесіп үлгерді.
Екі ер адамды полиция бөлімшесіне жеткізіп, олардың кім екенін және басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтаған кезде, олардың бірі осыдан бір ай бұрын тонау қылмысын жасағаны, екіншісі ұялы телефон ұрлағаны белгілі болды.
"Нәтижесінде, екеуіне де билік өкіліне қарсы күш қолдану, қызметтік міндеттерін атқару кезінде оны көпшілік алдында қорлау, сондай-ақ жеке-жеке тонау және ұрлық жасау бойынша айып тағылып отыр", - деді қадағалау органындағылар.
Айыпталушылар өз кінәсін мойындап, ұрланған заттар жәбірленушілерге қайтарылды. Соққыға жығылған полиция қызметкері қазір аман-есен, міндетін атқарып жатыр. Ал заңды бұзған екі дос сот алдында жауап береді.
Прокуратура қызметкерлерінің айтуынша, олардың ісі Байқоңырдағы жиырма алтыншы гарнизондық сотта қаралады. Бұл Ресейдің сот органы болып саналады.
"Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексінде билік өкіліне күш қолданғаны үшін бес жылға бас бостандығынан айыру түріндегі ең жоғары жаза, жауапкершілікті ауырлататын мән-жайсыз тонау және ұрлық үшін сәйкесінше төрт және екі жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған", - деп атап өтті прокуратура.