Қоғам

Қазақстанда жүргізуші куәлігін алуды жеңілдету ұсынылды

Sputnik
АСТАНА, 16 қараша – Sputnik. Қазақстандық автопарктерде автобус жүргізушілері тапшы. Олардың тапшылығы, әсіресе, елордада қатты сезіледі, мұнда мыңнан астам жұмыс орны бос тұр, деп хабарлайды "Астана".
Сарапшылар маман тапшылығын "Жол қозғалысы туралы" заңға енгізілген түзетулермен байланыстырады. Бірақ жүргізушілердің айтуынша, проблема тек заңда ғана емес.
Елордалық автопарктерде бір жарым мыңнан астам жүргізуші бар. Еңбек кодексіне сәйкес, әрбір жүргізуші аптасына 40 сағаттан артық жұмыс істемеуге тиіс. Бірақ қазір кадр тапшылығынан бір жүргізуші үш адамның жұмысын орындайды, дейді көлік компаниясындағылар.
Тыныш әрі ыңғайлы жұмыс кестесі үшін тағы мың маман керек.
"Коронавирус пандемиясы кезінде 400-ге жуық жүргізуші кетіп қалды. Қазір жүргізушілер такси, жеке тасымал қызметінде немесе Шығыс және Батыс Еуропада алыс жолға қатынайтын жүргізуші ретінде жұмыс істегенді құп көреді", - дейді "CTS" ЖШС көлік үйлестіру департаментінің басшысы – бас менеджер Манарбек Қалмұқан.
Шопырлар айына 300 мыңнан 600 мың теңгеге дейін жалақы алады. Алайда жүргізушілер мұндай жұмыс кестесі үшін айлығымыз аз дейді.
"Қазіргі таңда жас шектеулері өте қатаң, сол себепті біз бұл критерийлерді қайта қарастыруды ұсынып отырмыз. Бірақ D санатындағы жүргізуші куәлігін алатын үміткерлер үшін оқыту бағдарламасын күшейту қажет деп санаймыз. Біз бұл мәселені ішкі істер министрлігімен 3-4 жылдан бері пысықтап келеміз. Біз 22 жасқа дейін төмендетуді ұсынып отырмыз, бірақ ІІМ әзірге 23-ті қолдап тұр", - дейді "Атамекен" ҰКП логистика және тасымал департаментінің басқарушы директоры.
Кадр тапшылығы елордалық автопарктердің жалғыз проблемасы емес. Автопарктерге шамамен 400 автобус жетіспейді, дейді көлік үйлестіру департаменті.