АЛМАТЫ, 16 қараша – Sputnik. Алматы тұрғындары "Алматы жылу жүйесіне" шамамен 1,3 млрд теңге қарыз. Сондай-ақ қаладағы жылу жүйелерінің 60%-ның тозығы жеткен, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қарызға белшеден батқан тұрғындар мен тозығы жеткен желілер туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде "Алматы жылу жүйесі" ЖШС ("АлТС" ЖШС) бас инженері Данияр Қазымбетов айтты.
Мегаполисте жылыту маусымы 17 қазанда басталды. Коммуналдық мекемелер 8467 көпқабатты тұрғын үйді, 216 мектепті, 197 балабақшаны, 129 аурухананы тексеріп, жылыту маусымы басталмас бұрын алдын ала дайындық жұмыстарын жүргізді.
"2022-2023 жылдардағы жылу беру кезеңінде 1352,33 км жылу желісі алдын ала дайындалды. Оның 811,5 км, яғни 60%-ның тозығы жеткен. Өйткені 25 жылдан астам уақыт пайдаланылған. Биыл 4,7 шақырым жылу желісі қайта жаңғыртылды. 2023 жылы 17,2 шақырым жылу желісін реконструкциялау жоспарланып отыр", - деді Данияр Қазымбетов.
Сондай-ақ бас инженер Алматы тұрғындарының "Алматы жылу жүйесіне" шамамен 1,3 млрд теңге қарыз екенін айтты.