АСТАНА, 15 қараша – Sputnik. Түркістан облысында автокөлік автобус аялдамасына соғылып, үш адам зардап шекті, деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияның ақпаратынша, жолда бір бағытта келе жатқан BMW-525 пен LADA GRANTA автокөліктері соқтығысқан. Қатты соққыдан "БМВ-525" жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жолдың оң жағындағы аялдамаға соғылған. Бұл сәтте аялдама кешенінде орналасқан қоғамдық тамақтану орнында екі даяшы болған.
"Жол апаты салдарынан екі даяшы мен көлік жүргізушісі Жетісай аудандық ауруханасына жеткізілді. Олардың жағдайы қанағаттанарлық", - делінген хабарламада.
Тәртіп сақшылары тексеріс жүргізіп жатыр, сараптама жасалады.
Жол апатына себепші болған жүргізушілерге Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 610-бабы (Көлiк жүргiзушiлерінiң жол ережелерін бұзуы, адамдардың денсаулығына зиян келтiруге, көлiктің немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне әкеп соққан әрекет) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Жақын арада сараптаманың қорытындысы негізінде кінәлі жүргізуші жауапқа тартылады.