АСТАНА, 15 қараша – Sputnik. Тұңғыш президент туралы заң қашан күшін жоятыны белгісіз. Бұл туралы әділет министрі Қанат Мусин айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министр Конституциядан тұңғыш президенттің ерекше мәртебесі туралы барлық ескертпе алынып тасталғанын атап өтті. Тиісінше қазір отандық заңнаманы Конституцияға сәйкестендіру жұмысы жүріп жатыр.
"Әрине, заңнама Конституцияға сәйкес келтіріледі. Тиісінше Тұңғыш президент туралы заң бойынша да оның күшін жою туралы шешім қабылданады. Жұмыс жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Әзірге нақты мерзімі жоқ", - деді Мусин үкімет кулуарында.
Айтуынша, заңнамалық бастама үкіметке ғана емес, президент пен парламент депутаттарына да тиесілі. Сондықтан Тұңғыш президент туралы заңның күшін жою туралы шешім депутаттардың да бастамасымен қабылдануы мүмкін.
"Қазір мұндай заң жобасы әділет министрлігіне парламенттен түскен жоқ. Түскен жағдайда пысықталады", - деді ол.