АСТАНА, 15 қараша – Sputnik. Астанада сауда орталығында тон ұрлаған екі ер адамның әрекеті видеоға түсіп қалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Олар алдымен әйелдер киімі сатылатын бутикке кірген. Біреуі ілініп тұрған киімге жақындап, ұрлыққа қарсы құрылғыны алып тастаған. Сосын 80 мың теңгенің эко-тонын қасындағы досының спорттық сөмкесіне тығып жіберген.
Жедел іздестіру шаралары барысында 29 және 30 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Екеуі де бұрын сотталған.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктілер өз кінәсін мойындады.
Айта кетері, бұл қылмыс үшін 1 000 айлық есептiк көрсеткiшке (3 180 000 теңге) дейiнгi мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, я болмаса, 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту немесе үш жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.