Алматы облысында 9 мыңға жуық тұрғынның күні екі автобусқа қарап қалды

Sputnik
АЛМАТЫ, 15 қараша - Sputnik. Алматы облысы Қарасай ауданы Елтай ауылдық округіне қарасты Береке және Елтай ауылының 9 мыңға жуық тұрғыны таң атса жұмысқа, кеш батса үйіне жете алмай жүр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Екі бағдардағы қоғамдық көлік үлкен автобус емес, шағын маршруттар. Бұл ауылдың тұрғындары жұмысқа ерте шығады. Өйткені сәл кешіксе, діттеген жеріне жету мүмкін емес.

"Қалаға немесе вокзалға жету мүлдем мүмкін емес. Таксиге күніне 3500 теңге төлеймін. Екі бағдарда автобус қатынайды, бірақ араға 1 сағат салып жүреді", - дейді Елтай ауылдық округінің тұрғыны Гүлнар Бердіғұлова.

Тұрғындардың айтуынша, мәселе ұзақ уақыттан бері шешілмей келеді.
"Сағат таңғы бесте жұмысқа шығамыз. Кішкентай екі маршруткаға сыймаймыз. Қаншама уақыт болды, түк шешілмейді, әбден қажыдық", - дейді тұрғын Әсет Қожамқұлов.
Елтай округіне қарасты біраз ауылда қоғамдық көлік мәселесі өзекті. Әкімдіктегілер бұл проблема жаңа жылдан соң шешіледі деп сендірді.
"Қазір екі маршрут бар. Біз өз тарапымыздан қалалық мобильдік бөлім басшыларынан тағы үшеу сұрадық. Қоғамдық көліктің соңғы аялдамасына жер дайын, жүргізушілердің ас ішетін орнын бәрін дайындап береміз, тек автобус беріңдер деп сұрап отырмыз. Біз сұраған үш маршруттың қайсысын мақұлдайтынын білмейміз. Жаңа жылдан соң субсидия бөлінеді деді. Сол кезде автобус мәселесі шешіле ме деп отырмыз", - деді Елтай округі әкімінің орынбасары Біржан Белғожаев.
Тұрғындар автобус күтіп тұр
Айта кетері, бір ғана Қарасай ауданы емес, жалпы Алматы облысына қарасты жақын маңдағы елді мекендерде қоғамдық көлік мәселесі шешілмей келеді. Қай уақытта шешілетіні белгісіз. Бұл туралы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан жауап алу мүмкін болмай тұр.