АСТАНА, 14 қараша – Sputnik. Мемлекет басшысы "Жаңа адамдар" қозғалысының белсенді өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Ақорда.
Президент "Жаңа адамдар" жастар қозғалысын құру туралы бастаманы құптап, белсенді жас қазақстандықтарға әрдайым қолдау көрсетететін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекетті түбегейлі жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, Әділетті Қазақстанды құру жөніндегі реформалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
"Қазақстан азаматтарының, әсіресе жастардың еңбекқорлық қағидатын ұстануы маңызды. Сырттан көмек күтудің қажеті жоқ. Қазір заман басқа, яғни маңызды шешімдердің уақыты, серпіліс жасайтын сәт. Жастар болмаса, мұнымен кім айналысады?", - деді Тоқаев.
Президент қазір Илон Масктың тәжірибесі мен өмірлік ұстанымын үлгі ету үрдіске айналғанын атап өтті.
"Ол отбасымен бірге Оңтүстік Африкадан Америка Құрама Штаттарына келді. Өзінің креативтілігінің, батылдығының, өзіне тән ерекшелігінің арқасында "Илон Маск феноменін" қалыптастыра алды. Мұндай мысалдар өте көп. Жақында Мен Нью-Йоркте Американың жоғары оқу орындарын бітіріп, америкалық компанияларға жұмысқа орналасқан жастарымызбен кездестім. Мен оларға: қай жерде жұмыс істесеңіз де, қазақ болып қаласыздар" деп айттым", – деді мемлекет басшысы.
Президент жауапкершілік мәселесін де қозғады. Айтуынша, тек жауапкершілігі бар азаматтар ғана өзінің мемлекеті үшін міндеттеме ала алады.
"Абай кезінде "толық адам" деген терең ұғымды енгізді. Абай заманынан оза туды. Ол "толық адам" туралы білім, түсінік, қоғамның қажеттілігі тұрғысынан айтты. Қазір ағылшынша айтылып жүрген "a person of integrity", яғни барлық қарым-қабілеті мен білімі тоғысқан адам дегеніміз осы", - деді мемлекет басшысы.