АСТАНА, 14 қараша – Sputnik. Елордада Қасым, Жомарт және Кемел есімді үшем дүниеге келді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Ұлдардың әкесі Сәбит Соппек – тіс дәрігері. Ал анасы Марал жұбайының жанында медбике болып жұмыс істейді.
Ерлі-зайыпты алғаш рет ата-ана атанып отыр. Балалардың есімін атасы қойған.
"Ота жасаған дәрігерлерге, жалпы №2 Көпбейінді қалалық аурухананың акушерлік блогына зор ризашылығымды білдіремін. Медициналық мекемеде қолайлы жағдай жасап, заманауи жабдықтармен қаматамасыз еткені үшін және мамандардың жоғары кәсібилігі үшін алғысым шексіз!" - деді үшемнің анасы Марал Соппек.
Үшем мерзімінен бұрын туған, әрқайсысының салмағы – шамамен 1000 грамм. Олар жаңа туған нәрестелерді күту бөлімінде болды.