Жүргізуші мас болған: Талдықорғанда 4 жасар бала жол апатынан көз жұмды

Sputnik
АСТАНА, 12 қараша - Sputnik. Талдықорған қаласы полиция басқармасы 4 жасар баланың өліміне кінәлі мас жүргізушінің қамауға алынғанын хабарлады.
Жол апаты 11 қарашада болған. BMW 530 жүргізушісі ВАЗ көлігінің артынан қатты соққан. Салонда отырған 4 жасар бала көз жұмды. Екі ересек ер адам зардап шекті, олар әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылды.
"Жол апатына кінәлі 42 жастағы BMW 530 жүргізушісінің орташа деңгейде мас болғаны анықталды. Ол қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деді полиция қызметкері Ақылбек Серікұлы.
Ұсталған адам шетелдік нөмірмен жүрген.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 345-1 бабы (Алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде көлік жүргізетін адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы абайсызда адам өліміне алып келген әрекет) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.
Осы қылмыс үшін жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.