АСТАНА, 12 қараша - Sputnik. Каспий құбыр консорциумның бір айлағы іске қосылды. Мердігер екіншісін жөндеу жұмыстарына кіріседі. Бұл туралы Каспий құбыр консорциумының бас директоры Николай Горбань мәлімдеді.
"Бүгін теңіз терминалындағы бірінші айлақтағы қалқымалы танкін ауыстыру жұмыстары аяқталды. Айлақ эксплуатацияға берілді. Қазіргі кезде бірінші танкерге мұнай тиеліп жатыр", - деді Горбань.
Оның айтуынша, ауа райының қолайсыздығына байланысты жөндеу жұмыстарының уақыты ұзарып кетті.
"Бүгінде мердігер екінші айлақ бойынша дайындық жұмыстарына кірісіп жатыр. Ол жұмыстар қай кезде аяқталатынын айта алмаймын. Себебі барлығы ауа райына байланысты болады", - деп атап көрсетті консорциум басшысы.
Каспий құбыр консорциумдағы жөндеу жұмыстарына көпмақсатты Commander кемесі тартылды. Оған ресейлік мамандар мен "Альянс" мердігерлір ұйымы жауапты.
Айта кетері, 22 тамызда Каспий құбыр консорциумы Новороссийск жақтағы мұнай құю терминалында жағалаудан шалғай жерде қалқып жүретін үш айлақтың екеуін жөндеуге шығарғанын хабарлады.
КҚК құбыр жүйесі – ТМД аумағындағы шетел капиталы тартылған энергетика саласындағы ірі инвестициялық жобалардың бірі. Теңіз-Новороссийск құбырының ұзындығы 1 511 км құрайды, осы маршрут бойынша Қазақстанның барлық экспорттық мұнайының үштен екісінен астамы, сондай-ақ шикізат Ресей кен орындарынан, оның ішінде Каспийде орналасқан кен орындарынан тасымалданады. КҚК теңіз терминалы танкерлерді жағадан едәуір қашықтықта, оның ішінде қолайсыз метеожағдайларда қауіпсіз жүктеуге мүмкіндік беретін үш айлақтық құрылғымен (ВПУ) жабдықталған.
Компанияның ірі акционерлері – Ресей Федерациясы ("Транснефть"), Қазақстан ("ҚазМұнайГаз"), Chevron, "Лукойл", ExxonMobil, "Роснефть" бірлескен кәсіпорны және Shell.