Алматы облысында жүк көлігі апатқа ұшырады – жүргізуші қайтыс болды

Sputnik
АСТАНА, 12 қараша - Sputnik. Алматы облысында кафель тиелген жүк көлігі тоқтай алмай, алдында келе жатқан тағы бір фураға соғылды. Кабинада қысылып қалған жүргізуші оқиға орнында көз жұмды , деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Әлеуметтік желіде жол апатының видеосы тарады. Соққының қатты болғаны соншалық жүк көлігінің кабинасы майысып қалған. Жолда кафель шашылып жатыр.
Алматы облысының полиция департаменті таратқан мәліметке сәйкес, жол апаты 11 қарашада Алматы-Өскемен тас жолында болған. Renault маркалы жүк көлігінің 36 жастағы жүргізушісі дистанцияны сақтамай, алдында келе жатқан Volvo-ға соғылды. Ол көлік аударылып кетті. Ал Renault-тың кабинасы майысып қалды. Ішінде болған ер адам қайтыс болды.
Volvo-ның жүргізушісі және жолаушысы жарақат алып, жақын жердегі ауруханаға жеткізілді.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 345-бабы (Көлiк жүргізетін адамдардың жол жүрісі немесе көлiкті пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша тергеу шаралары басталды. Қажетті сараптамалар жасалады.