Қарағандыда алимент төлемегені үшін 9 адамның бас бостандығы шектелді

Sputnik
АСТАНА, 11 қараша – Sputnik. Жыл басынан бері Қарағанды облысында алимент төлемегені үшін 9 адамның бас бостандығы шектеліп, қоғамдық жұмыстарға жегілген, деп хабарлады "Хабар 24".
Баласына берешек тағы 233 әке іздестіріліп жатыр. Жалпы облыста қазір алимент өндірісі бойынша 19 мыңнан астам іс бар. Оның 1700-ге жуығы берешегін уақытында төлемей жалтарып жүргендер. Мұның басты себебі – жұмыссыздық.
Осы орайда жеке сот орындаушылары жұмыс берушілерден мұндай азаматтарды қызметке қабылдауға шақырады. Себебі олардың көлігін тәркілеп, дүние мүлкін аукционда сату, қала берді шетелге шыға алмайтындай етіп шектеу қою аталған мәселенің түйінін шеше алмай тұр.
Сондықтан жеке сот орындаушылар жұмыс берушілерді әлеуметтік жауапкершілікке шақырып отыр.
"Мемлекеттік қызмет дейміз, мемлекеттік қызметтен басқа техникалық жұмыс орындары болады. Соларды қарастырсақ дейміз. Мысалы бір мекемеде 5 бос жұмыс орны болса, оның екеуіне әлеуметтік жауапкершілік ретінде борышкерді қабылдап отырса, біз проблеманы шешер едік", - дейді облыстық жеке сот орындаушылары палатасының төрағасы Қайрат Жұмабай.