Ердоғанға Түркі әлемінің ең жоғарғы наградасы табысталды

Sputnik
АСТАНА, 11 қараша - Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия басшысына Түркі әлемінің ең жоғарғы наградасын табыстауды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бүгін Самарқанд қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде Тоқаев ұйымға мүше елдердің бірлігі жыл өткен сайын нығайып жатқанын ерекше атап өтті. Айтуынша, соның арқасында Түркі әлемінің халықаралық аренадағы саяси салмағы едәуір артқан.

"Түркия президенті, жоғары мәртебелі Режеп Тайып Ердоған бір жыл бойы Түркі мемлекеттері ұйымының төрағасы міндетін атқарды. Осы уақыт ішінде ұйымның мәртебесін көтеріп, ықпалын нығайтуға зор үлес қосты. Сол үшін бауырым – Режеп мырзаға алғыс айтамын", - деді Тоқаев.

Президент Түркия басшысын ұйымның жоғарғы наградасымен марапаттауды ұсынды. Оның бастамасы қолдау тапты.
"Республика атанғанына келесі жылы бір ғасыр болатын бауырлас Түркия елі өзара ынтымақтастығымызды нығайтуға зор үлес қоса береді деп сенемін. Осы орайда мен құрметті Режеп бейді "Түркі әлемінің ең жоғарғы орденімен" марапаттау туралы бастама көтердім. Бұл ұсынысым бірауыздан қолдау тапты. Сол үшін баршаңызға ризашылығымды білдіремін", - деп атап көрсетті Тоқаев.
Саясат
Самарқандта Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті өтеді