Азия чемпионаты: Қазақстанның қоржынына үш алтын медаль түсті

Sputnik
АСТАНА, 11 қараша – Sputnik. Қазақстанның боксшы қыздары Азия чемпионатында 3 алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
48 келі салмақ дәрежесінде Алуа Балқыбекова чемпион атанды. Оның қарсыласы – жапониялық Като Хикару жарақат алып, жекпе-жекке шықпай қалды. Артынан 54 келі салмақта Жайна Шекербекова Тайланд боксшысы Джутамас Джитпонгпен жұдырықтасып, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Ал 57 келіде Карина Ибрагимова тағы бір жапониялық Ирие Сенамен қолғап түйістірді. Үшінші раундта Карина нокдаун алып қалды. Дегенмен төрешілер шешімімен жеңіске жетті.