Өңірлер

Алматыдағы жол апаты: қайтыс болған жолаушының анасы сұхбат берді

Sputnik
АСТАНА, 11 қараша - Sputnik. Алматы қаласында екі автобус соқтығысқан жол апатында жаяу жүргінші емес, жолаушы қайтыс болды. Салоннан ұшып кеткен ер адамды автобус басып өтті, деп хабарлайды КТК арнасы.
37 жастағы Мұхит Исаханов автопаркте тағылымдамадан өтіп жүрген. Сол 98-ші бағыттағы автобус жүргізушісінің жанында тұрған. Екі автобус соқтығысқанда марқұм автобустың салонынан ұшып кеткен. Қоғамдық көлік оны жаншып өткен. Мұхит үйдің жалғыз асыраушысы екен. Оның артында анасы, жары мен кәмелетке толмаған екі баласы қалды.

"Баламның өлгеніне сенген жоқпын. Тергеуші хабарлап айтты. Қайта-қайта сұрадым. Ақыры баламнан айырылып қалдым. Негізі, мамандығы жүргізуші ғой. Алдында Байсерке маршрутында істеді. Баламның артында екі баласы қалды. Оңай емес. Келінім қалды, жап-жас. Балам да жастай кетті", - дейді анасы Қарлығаш Исаханова.

Әпкесі Мөлдір Исаханованың айтуынша, жол апаты болған күні Мұхит алдыңғы жағында жүргізушінің қасында тұрған.
"Көлік ұрылғанда есіктен ұшып кеткен. Быт-шытын шығарған ғой, әлгі жерде. Несие төлеймін, қу дүниенің артынан тіршілік жасаймын деп жұмыс іздеп барды ғой", - деп атап көрсетті ол.
Екі қоғамдық көлік соқтығысқан сәтте 98-ші автобустың есік-терезесінен үш адам сыртқа қарай бірнеше метрге ұшып кеткен. Сол кезде жерге құлаған Мұхитты салмағы ондаған тонна 201-ші автобус жаншып өткен.
Ал тасымалдаушы компания Мұхиттың өндірістік тәжірибеден өткенін растады. Алайда "Сити бас" серіктестігі апат күні ол автобус паркіне келмегенін мәлімдеді. Жол апатын жан-жақты зерттеп жатқан полиция нақты кімнің күдікке ілінгенін әлі айтқан жоқ. Тергеу жалғасып жатыр.