АЛМАТЫ, 10 қараша – Sputnik. Мемлекет басшысы бас прокурор Берік Асыловты қабылдады.
Бас прокурор "Қаңтар оқиғасы" бойынша жүргізіліп жатқан тергеу амалдары мен оған қатысқандарға рақымшылық жасау прокуратураның ерекше бақылауында тұрғанын айтты.
Оның айтуынша, прокурорлардың наразылығы бойынша 866 үкім жойылып, өзгертілген. 183 сотталушының жағдайы жақсартылып, 20 адам ақталған.
"Бизнесті қорғау саласында 145 мың кәсіпкердің құқығы қалпына келтірілді. Жер қойнауын пайдалану мен автомобиль жолдары салаларында жүйелі түрде заң бұзылып келген. Индустрия министрлігі кен өндіруге дайын тұрған 144 кен орнын барлауға келісімшарттар берген", - деді Асылов президентке.
Бұдан бөлек, жер қойнауын пайдаланушылар бюджетке міндетті 96 миллиард теңге төлемегені анықталған. Құны 43 миллиард теңгені құрайтын заңсыз берілген және мақсатына пайдаланылмаған 7,3 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылды. Соның ішінде, олигополия меншігіндегі құны 6 миллиард теңге болатын 140 мың гектар жер қайтарылды.
Жуық арада олигополия субъектілерінің меншігінде болған 160 мың гектар жер тағы да қайтарылады. Экономикалық ресурстарды заңсыз шоғырландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия жұмысының аясында мемлекетке жылжымайтын мүлік объектілері, жер учаскелері және басқа да мүлік қайтарылды.