АСТАНА, 10 қараша — Sputnik. Премьер-министр Әлихан Смайылов азық-түлік бағасына сыртқы факторлар қалай әсер ететінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Жазда оңтүстік аймақтарда жаңа өнім жиналса да, кейбір көкөністер қымбат болды.
"Мәселен, жазда Түркістан облысында пияздың бағасы 80-90 теңге болған. Ал биылғы геосаяси оқиғалар мен әлемдегі азық-түлік проблемасына байланысты көрші елдердің трейдерлері бізге келіп, даладан пиязды келісіне 200 теңгеден сатып алуға кірісті. Әрине, фермерлер қарсы болмайды, өзіне тиімді бағамен сатады. Сол кезде пияз бағасының өсуіне әсер еткен ішкі факторлар болған жоқ. Бірақ жаңағы сыртқы фактор әсер етті. Соның салдарынан бізде пияздың бағасы өсіп кетті. Ондай мысалдар аз емес", - деді Смайылов сенат отырысынан кейінгі брифингте.
Осы орайда үкімет басшысы тауардың 40 проценті Ресейден жеткізілетінін еске салды. Ол жақта импорттың көлемі күрт қысқарғаннан кейін рубль бағамы 30 процентке күшейді, бірақ ресейлік валютаға шаққандағы теңгенің бағамы түсіп кетті. Қазақстанға келетін ресейлік тауарлар да қымбаттады.
"Біз импортты тоқтата алмаймыз. Себебі азық-түлік пен өндіріс тауарларын алуымыз керек. Сондықтан қаласақ та, қаламасақ та, сыртқы факторлар біздегі бағаларға әсер етеді", - деп түсіндірді Смайылов.
Оның айтуынша, сыртқы факторлардың әсерін азайту үшін импорттық тауарларды барынша өз өнімімізбен алмастыру қажет. Осы салада тиісті инвестициялық жобалар қолға алынды.