АСТАНА, 10 қараша – Sputnik. Сенат депутаттары "2023 – 2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасын мәжіліске қайтарды. Жоғары палата оған 100-ден астам түзету енгізді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сенаторлар үш жылдық бюджеттің шығыстарын 71,8 млрд теңгеге арттыру қажет деп санайды. Негізгі бағыттар:
елді мекендердің ішкі жолдары мен көпір салу және реконструкциялауға – 13,7 млрд теңге, соның ішінде 2023 жылға 7,8 млрд теңге;
су құбыры желілерін салу және реконструкциялауға – 22,1 млрд теңге (2023 жылы – 8,1 млрд теңге);
газбен жабдықтауға – 13,9 млрд теңге (2023 жылы
-1,4 млрд теңге);
инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салуға – 6,3 млрд теңге (2023 жылы – 2,0 млрд теңге);
сыртқы электрмен жабдықтау нысандарын салуға – 2,0 млрд теңге.
Жалпы, заң жобасын талқылау барысында 113 ұсыныс келіп түскен. Бәрі салыстырмалы кестеге енгізілді. Сосын "2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасымен бірге мәжіліске қайтарылды.
Ал "Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2023 – 2025 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы" заң қабылданды.