Өңірлер

Риддердегі жылу станциясында тағы апат болды

Sputnik
АСТАНА, 10 қараша – Sputnik. Риддерде жылу электр станциясында қысымы жоғары №6 қазандық тағы істен шықты, деп хабарлайды Noks.kz.
Аталған қазандық кешке кешке іске қосылған болатын.
Риддер тұрғындарының қуанышы көпке созылмады. 9 қараша күні кешке іске қосылған №6 қазандық түнде қайта істемей қалды. Таңға қарай риддерліктердің үйі тағы суытып кетті.
"Құрметті тұрғындар! Түнде алтыншы қазандық жұмыс істеп тұрды. Температура 65 градусқа жетті. Бірақ түнгі сағат бірде апатты жағдайға байланысты ол тоқтатылды", - деді Риддер әкімі Дмитрий Горьковой.
Айтуынша, қазіргі таңда орташа қысымды үш қазандық жұмыс істеп тұр. Температура 56/43 градус шамасында. Алтыншы қазандықты жөндеу жұмыстары басталды. Жөндеу аяқталған соң, ол іске қосылады.
Қала әкімі тұрғындардан бұл жағдайға түсіністікпен қарауды өтінді.
Бұған дейін Риддер басшысы алтыншы қазандық іске қосылар алдында ЖЭС-тағы жабдықтың жай-күйі нашар, кез келген сәтте істен шығуы мүмкін екенін ескерткен болатын.
Еске салсақ, 5 қараша кешке Риддер ЖЭС-те күл шығару жүйесінің сорғысы істен шықты. 1 қазандық агрегатының қосалқы жабдығы апатты жағдайда тоқтатылды. Соның салдарынан жылу жүйесіндегі судың температурасы +30 градусқа дейін төмендеді. Ал қалыпты температура мөлшері +70 болуы шарт. Риддер қаласында 22 мыңнан астам абонент жылусыз қалды.
Апатты жою үшін шұғыл штаб құрылды. Оған облыс әкімі жетекшілік етті.
Жылу станциясындағы төтенше жағдайға байланысты 7-11 қараша аралығында мектеп оқушылары қашықтықтан оқыту форматына көшірілді.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Риддер ЖЭО-ны қаланың коммуналдық меншігіне қайтару мәселесі қарастырылып жатқанын мәлімдеді.