АСТАНА, 10 қараша — Sputnik. Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов казино ойнаған әскери қызметшілерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бас прокуратура жариялаған тізімде 95 әскери қызметші бар. Министрдің айтуынша, қазіргі кезде тізімге іліккен әрбір әскери қызметшінің аты-жөні белгілі. Қызметтік тергеу басталды. Соның нәтижесінде тиісті шешім қабылданады.
"Мен тергеу қорытындысы бойынша олардың әскери қызметті жалғастыруына қатысты шешім қабылдаймын. Бірақ алдымен тергеудің нәтижесі шықсын. Бізде бәрі бар. Қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр. Олардың барлығы – орта құрамға кіретін әскери қызметшілер. Жоғары құрам жоқ, уақыты да жоқ, өйткені бәріміз ылғи далада жүреміз", - деді Жақсылықов сенат кулуарында.
Министрдің сөзіне қарағанда, казиноға барған әскери қызметшілер көп ақша ұтылмаған. Олар ойын-сауық мекемесіне білместіктен баруы мүмкін. Қорғаныс министрлігі алдағы уақытта әскери қызметшілер арасында отбасылық бюджетті жоспарлау және жүргізу бойынша оқыту курстарын өткізуді жоспарлап отыр.