АСТАНА, 10 қараша – Sputnik. Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіндегі аумақта 68 жүзу құралын мінген 153 құқық бұзушы ұсталды, деп хабарлады ҰҚК Шекара қызметі.
Ведомство Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің Шекара қызметімен бірлесіп 2022 жылдың сәуірі мен қазаны аралығында Каспий теңізінің акваториясындағы браконьерлік қылмыстардың жолын кесуге және табиғи әр алуандықты сақтауға бағытталған жедел-алдын алу іс-шараларын жүргізді.
"Ұзындығы 400 шақырымға жуық браконьерлік жолмен балық аулауға арналған тор және 17 мың ілмек алынды. Табиғи тіршілік ортасына 946 бекіре тұқымдас және 5 321 ұсақ тұқымдас балық түрлері мен 54 итбалық қайтарылды", - делінген хабарламада.
Іс-шара нәтижесінде 1,82 млрд теңге көлеміндегі залалға жол берілмеді. Қазақстан заңнамасын бұзғандарға 3,3 млн теңгеден астам айыппұл салынды.