"Ақылды" шаһар: Қонаев қаласының бас жоспары желтоқсанда аяқталады

Sputnik
АЛМАТЫ, 10 қараша – Sputnik. Қонаев қаласының бас жоспарын дайындау жұмыстары биыл 20 желтоқсанда аяқталады, деп хабарлады индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.
Жаңа жоспарда облыс орталығы мен G-4 City аумағында арнайы экономикалық аймақтар құру да қарастырылған.
Қонаев қаласының бас жоспарын "Урбостиль" компаниясы дайындап жатыр. Бұл жұмыс биылғы жылдың 20 желтоқсанына дейін аяқталады. Содан кейін облыс әкімдігі жобалық шешімдерді қала тұрғындарымен ашық талқылауға шығарады.
Еске сала кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына жасаған сапары аясында Қонаев қаласын экологиялық таза, өмір сүруге қолайлы "ақылды" шаһар ретінде қарастыратын жаңа бас жоспарын әзірлеуді тапсырған болатын.
Президент өңірге педагогикалық кадрлар мен дәрігерлерді тарту үшін мамандарды жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету сияқты ынталандыру шараларын қабылдау қажеттігін айтты.
Осыған орай бүгінде Алматы облысында тұрғын үй мәселесін оңтайлы шешу мәселесі қаралып жатыр. Атап айтқанда, жас мамандар "Алатау жастары" өңірлік бағдарламасы арқылы баспанаға қол жеткізе алады.