"Үздік педагог-2022" атағына 123 мұғалім іріктелді

Sputnik
АСТАНА, 9 қараша – Sputnik. "Үздік педагог-2022" атағына құжат тапсырған мыңдаған үміткердің ішінен 123 мұғалім іріктелді. Олардың ішінен 64 педагог жеңімпаз атанады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, биыл байқаудың барлық кезеңі, яғни, қатысушыларды тіркеуден бастап республикалық кезеңнің қорытындысын шығаруға дейін толығымен цифрлық форматқа ауыстырылды. Соның арқасында түскен өтініштер саны рекордтық көрсеткіш – 5,5 мыңнан асты.
"Қазір байқаудың ақтық сынына балабақшалар мен мектептердің 103 мұғалімі, колледждердің 20 мұғалімі қатысып жатыр. Олар аудандық, қалалық және облыстық турлардың қорытындысы бойынша ұсынылған", - дейді министрлік мамандары.
Конкурс қорытындысы бойынша барлығы 64 жеңімпаз анықталады. Олардың әрбіреуі 3 млн теңгеден (1 000 АЕК) сыйақы алады.