АСТАНА, 9 қараша – Sputnik. Астана қаласының аудандық соты "Астана – Анталья" ұшағында бомба бар деп айғайлаған ер адамға үкім шығарды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға осы жылы тамызда болды. "Астана – Анталья" бағытындағы ұшаққа отырғызу кезінде елорданың 44 жастағы тұрғыны "бортта бомба бар" деп бірнеше рет айғайлаған. Ер адам мас болған. Соның салдарынан рейс кешіктіріліп, жолаушылар эвакуацияланды. Алайда жүргізілген тексеріс барысында жарылғыш зат табылған жоқ.
30 қазанда Есіл ауданының №2 соты құқықбұзушыны кінәлі деп танып, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеді.
Көлік полицейлерінің айтуынша, жыл басынан бері терроризм актісі туралы 36 жалған хабарлама түскен.
"Тексеріс барысында қылмыс жасағаны үшін 12 адам анықталып, ұсталды. Оның екеуі бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға тартылды", – деді Көліктегі полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ерлан Әлімов.
Қылмыстық кодекстің 273-бабы (Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) бойынша 5 мың АЕК айыппұл, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не бес жылға дейін бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза көзделген.
Бұған қоса, жалған террористер сот шешімі бойынша оқиға орнына жұмылдырылған жедел әрекет ету қызметтерінің барлық шығынын толығымен өтейді.