АСТАНА, 8 қараша – Sputnik. Ақтөбе облысында вирустық инфекция мен тұмау жұқтырған адамдардың саны күрт өсті. 8 жасар бала жансақтау бөліміне түсті.
Ол респираторлық инфекцияны жұқтырған. Одан кейін өкпесі қабынған, деп хабарлайды КТК арнасы.
Барлығы 90 адам тұмаумен ауруханаға түскен. Дәрігерлер тұмаудың күрт өршіп кеткеніне алаңдап отыр. Әсіресе, аурудың асқыну жағдайлары жиілеп кеткен.
Мамандардың айтуынша, коронавирус соңғы уақытта сирек кездеседі. Бірақ тұмаудың салдары да ауыр. Сондықтан оған қарсы вакцина алуға кеңес беріп отыр.
Биыл облысқа 106 миллион теңгеге тұмауға қарсы ресейлік препарат сатып алынған. 140 мың адам екпе алған. Бірақ ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін бұл әлі де жеткіліксіз.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекболат Ізбасаров тұмау асқынған жағдайда пневмония мен бронхит басталатынын атап өтті.
"Отит пен синусит болады. Оған бактериялық инфекция да қосылуы мүмкін", - дейді Ізбасаров.