АСТАНА, 9 қараша – Sputnik. Ұлттық қауіпсіздік комитеті өткізген арнайы операция кезінде Қызылорда мен Аралда ұйымдасқан қылмыстық топтың 32 мүшесі ұсталды, деп хабарлайды комитеттің баспасөз қызметі.
Топқа кірген әрбір адамның өзіне жүктелген міндеті болды. Ал барлық шешім тұрақты түрде өткізілген "жиналыстарда" қабылданып отырды.
"Ұсталғандардың қатарында трансұлттық қылмыстық ұйымдардың топ басшыларына бағынышты және солардың атынан әрекет етіп, Қызылорда облысының қылмыстық иерархиясында белгілі бір дәрежеге ие болған адамдар бар. Олардың тұрғылықты мекен-жайлары бойынша қарудың бірнеше түрі, "ұрылар кассасының" сметасы, есірткі заттары, сонымен қатар тергеу үшін қызығушылық тудыратын өзге де заттар мен құжаттар алынды", - делінген ресми хабарламада.
Ұсталғандар қылмыстық топ құру, басқару және қаржыландыру, бопсалау сынды ауыр қылмыстар жасағаны үшін айыпталып отыр.