Президент сайлауы - 2022

Қошанов телевизиялық дебатқа Тоқаев неге бармайтынын түсіндірді - видео

Мәжіліс спикерінің айтуынша, президенттің жұмыс кестесі өте тығыз
Sputnik
АСТАНА, 9 қараша – Sputnik. Мәжіліс төрағасы, Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды штабының жетекшісі Ерлан Қошанов телевизиялық дебатқа президент неге қатыспайтынын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжіліс кулуарында журналистер Қошановтан 11 қарашада өтетін телевизиялық дебатқа Тоқаевтың өзі неге қатыспайтынын сұрады.
"Біріншіден, президент өз өкілеттігін жалғастырып жатыр. Жұмыс кестесі өте тығыз. Президент болу деген мемлекеттің бүкіл тағдырына, ішкі және сыртқы саясатына жауап беру. Ал сыртқы саясат та, іштегі мәселелер де үгіт-насихат жүргізуін күтіп отырмайды. Оны өзіңіз де білесіз. Жауапкершілік өте зор", - деді Қошанов.
Екіншіден, оның айтуынша, дебатқа сайлауалды штабтың атынан кандидаттың сенімді өкілінің қатысуы ешбір заңға қайшы келмейді.
Осы орайда БАҚ өкілдері "Президенттің жұмыс кестесі тығыз дейсіз, ал сонда сіздің жұмысыңыз жоқ па? Парламенттегі жұмысыңызды кім атқарады?", - деп сұрақ қояды.
"Мен парламенттегі жұмысымды өзім атқарамын. Мен үшін ешкім оны атқармайды. Мен сол штабтың жетекшісімен, коалиция мүшелері мені сайлаған болатын. Сондықтан мен екі жұмысқа да үлгеріп жүрмін. Өңірлерді аралаған кезде ақысыз еңбек демалысына шықтым. Ол үшін маған парламенттен де, штабтан да еңбекақы төленген жоқ", - деді Қошанов.
Еске салсақ, кезектен тыс президент сайлауы алдындағы телевизиялық дебат 11 қарашада "Хабар" телеарнасында тікелей эфирде кешкі 20.00-де өтеді. Пікірсайыстың ұзақтығы кемінде 80 минут.
Телевизиялық дебатқа президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев қатыспайды, оның атынан сенімді өкілі Ерлан Қошанов сөз сөйлейді. Ал қалған кандидаттар пікірталасқа өздері келеді.
Айта кетері, дебатты ұйымдастыруға 63 миллион теңге жұмсалады.