Дәрігерлер автобус апатынан зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты

Sputnik
АСТАНА, 9 қараша – Sputnik. Алматыда екі автобустың соқтығысуынан зардап шеккен алты адамның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, бірақ олардың кейбіріне ота жасау қажет. Бұл туралы 4-ші қалалық клиникалық аурухананың дәрігерлері айтты.
Политравма бөлімінің меңгерушісі Дәурен Түсіпов жол апатынан кейін ер адам мен әйел адам жеткізілгенін айтты. Оларға дереу толық көлемде қажетті көмек көрсетілді.
"Екеуінің де жағдайы тұрақты, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, барлық қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Екеуінің де тірек-қимыл аппараты зақымданған, ми жарақатын алған. Әйелдің кеуде қуысына зақым келген. Ота жасау қажет, бірақ ота науқастардың жағдайы тұрақталғаннан кейін жасалады", - деді Дәурен Түсіпов.
Ол қазіргі уақытта екі науқастың да ешкімнің көмегінсіз, өз бетінше қозғала алатынын атап өтті.
Тағы төрт адам – екі ер адам мен екі әйел нейрохирургия бөліміне жатқызылды.
"Қазір барлығының жағдайы тұрақты, орташа ауырлықта деп бағаланып отыр. Барлығының бас сүйек-ми жарақаты бар", - дейді 4 қалалық клиникалық аурухананың нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Нұржан Әжібеков.
Ол сондай-ақ олардың кейбіреуінде, соның ішінде автобус жүргізушілерінің бірінде дәрігерлер ретроградтық амнезияны, яғни жадысын жоғалтуды анықтағанын атап өтті.
Жедел жәрдем ауруханасындағылар 2013 жылы туған бала мен емделіп жатқан тағы екі науқастың жағдайы еш өзгеріссіз екенін, яғни, орташа ауырлықта тұрақты екенін хабарлады.
Еске салсақ, Алматыда екі жолаушылар автобусы соқтығысып, бір адам көз жұмды. 15 адам жарақат алған. Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, 98 және 201-ші бағыттағы қоғамдық көліктер соқтығысқан.