АСТАНА, 8 қараша – Sputnik. Қазіргі таңда Түркістан облысының құтқарушылары толассыз жауған жаңбыр салдарынан болған су тасқынының зардабын жоюды жалғастырып жатыр.
Кеше өңірде толассыз жауған жауынның салдарынан облыстың Төле би ауданындағы жекеменшік балабақша ауласы мен жеке сектордағы 25 үйдің ауласын су басты.
Бұл жағдай Түркістан облысы әкімдігі мен төтенше жағдайлар департаментінің бақылауында тұр. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, құтқарушылардан арнайы мобильді топ құрылып, жұмылдырылған.
Қазіргі уақытта суды сору және инертті материал бар қаптарды төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазірдің өзінде 200-ден астам қап қойылды, су жиналуы ықтимал орындарға 300-ге жуық қап төсеу жоспарланып отыр.
Зардап шеккендерге атаулы көмек көрсетіледі. Алдын алу жұмыстары жалғасып жатыр. Синоптиктердің мәліметінше, бүгін өңірде тағы да нөсер жауын жауады.