АЛМАТЫ, 8 қараша — Sputnik. Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығы туралы "Соңғы үкім" фильмі түсіріліп жатыр. Киногерлердің айтуынша фильм келесі жылы көрерменге жол тартады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қазіргі таңда түсірілім тобы Семей қаласында жүр, мұнда 4 күндік түсірілім жұмыстары бар. Авторлар фильмді жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.
Картинаның сюжеті Ахмет Байтұрсыновтың өмірінің барлық кезеңдерін қамтиды. Түсірілім тобын Ерлан Нұрмұхамбетов пен Ерген Тоқмурзин басқарады. Нұрмұхамбетов "Жаңғақ ағашы" фильмі үшін Оңтүстік Кореяда өткен Пусан халықаралық кинофестивалінің гран-при иегері атанған. Режиссердің "Уақыт жолдары" атты кейінгі картинасы осы жылы Францияда прокатқа шықты. Оның серіктесі Ерген Тоқмурзин көптеген деректі фильмдердің қоюшы режиссері болған.
Түсірілім жұмыстарының бірінші кезеңі 2021 жылы түсірілді. Негізгі локациялары – Алматы қаласы және Шығыс Қазақстан облысы. Қоюшы оператор – Марс Омаров. Бас продюсер – Дастан Атығаев. Сценарий авторы – Ғалым Доскен.
"Соңғы үкім" фильмі түсіріліп жатыр
© Photo
Басты рөлде – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды. Сондай-ақ картинада Еркебұлан Дайыров, Дәурен Сергазин, Айдар Наурызбаев, Назгүл Қарабалина, Александр Багрянцев, Дарья Александрова және Ерлан Кәрібаевтар ойнайды.
Фильм қазақтың көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері және саяси публицист Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына арналған. Картина мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен түсіріледі. Оған 1 млрд теңге бөлінген.
Сондай-ақ Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына орай биыл республика көлемінде бірқатар ауқымды шара жоспарланған.
"Ахмет Байтұрсыновтың есімі "Тарихи тұлғалар" тізіміне енгізіліп, оның аты республика көлемінде 1 ауылға, 200-ден астам көше мен 42 мектепке, университетке, институтқа, әуежайға, музейге және орталыққа берілген", - деді мәдениет және спорт министрлігі мәдениет комитетінің төрағасы Роза Кәрібжанова.