АСТАНА, 8 қараша – Sputnik. "ҚазМұнайГаз" компаниясына тиесілі 551 698 745 акцияның 30 505 974 акциясы биржа арқылы сатылады. Бір акцияның бағасы 8,4 мың теңге болады, деп хабарлады "Самұрық-Қазына" қорының қоғаммен байланыс департаменті.
Бүгінде қор "ҚазМұнайГаз" акцияларының басым бөлігіне - 90,42 процентіне иелік етіп отыр. Ал биржа арқылы сатылатын 30 миллион акция соның 5 процентін құрайды.
Қалғаны ұлттық банкке тиесілі.
"IPO нәтижесінде "Самұрық-Қазына" қоры, кем дегенде, 85 процент акцияға иелік ете береді. Ал биржа арқылы сатылатын әрбір акцияның бағасы - 8 406 теңге. Одан түсетін табыстың жалпы көлемі, шамамен, 5,1 триллион теңге болады", – деді қор басқармасының төрағасы Алмасадам Сатқалиев.
Акцияны сатып алуға өтініш қабылдау 9 қарашада басталады. Институционалдық инвесторлар үшін 30 қарашада, ал бөлшек саудамен алатындар үшін 2 желтоқсанда аяқталады.
"ҚазМұнайГаз акцияларының бір бөлігін ашық нарыққа шығарудың арқасында компания акцияларын сатып алуға мүмкіндік болады. Қазақстанда құнды қағаздар нарығы мен қор биржаларының дамуына да септігін тигізеді. Бірақ компанияның бақылау тетігі қор арқылы мемлекетте қала береді", – деп атап көрсетті "ҚазМұнайГаз" АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев.