АСТАНА, 8 қараша – Sputnik. Қазақстанда микроқаржы ұйымдарынан кредит алған мыңдаған адамның қарызы кешіріледі. Бұл туралы мәжіліс депутаттарының сауалына жауап берген қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының міндетін атқарушы Нұрлан Әбдірахманов хабарлады.
Қазан айының басында бір топ депутат микроқаржы ұйымдарына қатысты сауал жолдаған. Проблемалық кредиттерге қатысты мәселе де қозғалды.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметіне сәйкес, 1 қыркүйекке дейін микроқаржы ұйымдарында кепілзатсыз берілген тұтынушылық кредиттердің жалпы сомасы 416 миллиард теңгені құрады. Ал қарызға ақша алғандардың саны 1,3 миллион адамға жеткен.
Биыл 8 айдың ішінде кредитті төлеу мерзімі үш айға кешіктірілген қарыздардың үлесі 18,8 процентке өсіп, 71,3 миллиард теңгені құрады. Ал проблемалық қарыз алушылардың саны 432,2 адамды құрап отыр. Олардың басым бөлігі онлайн кредит рәсімдеген. Жалпы қарыз 40 миллиардқа жеткен.
Қазіргі кезде агенттік проблемалық микрокредиттердің үлесін азайту шараларын атқарып жатыр. Мәселен, 1 қазанға дейін 285,5 мың адамға жеңілдік жасалды. Атап айтқанда, 66,4 мың қарыз алушының 585 миллион теңге көлеміндегі кредиті толығымен немесе ішінара кешірілді. Бұдан бөлек, 756 миллион теңгенің өсімпұлы мен айыппұлы жойылды. Ал 15,3 миллиард теңгенің микрокредиті бойынша қарызды қайта құрылымдау шарасы атқарылды. Соның нәтижесінде 4,8 миллиард теңгенің айыпақысы кешірілді.
"Микроқаржы ұйымдары ұсынған жеке жоспарлардың негізінде 2022 жылдың аяғына дейін 432 мың қарыз алушының 33,1 миллиард теңге көлеміндегі қарызын қайта құрылымдау жоспарланып отыр. 107 мың адамның 0,8 миллиард теңге кредиті ішінара, ал 28 мың адамның 0,6 миллиард теңге көлеміндегі қарызы толығымен кешіріледі", - дейді Әбдірахманов.