Астанада суға секірген адамды құтқарған полицейдің өзі опат бола жаздады – видео

Sputnik
АСТАНА, 8 қараша – Sputnik. Астаналық полицейлер көпірден секірген ер адамды құтқарды, деп хабарлады Polisia.kz порталы.
Ресми мәліметке сәйкес, бүгін таңғы сағат 05.30-да полицияға Сарыарқа даңғылындағы көпірден ер адамның өзенге секіргені туралы хабар түсті. Оқиға орнына дереу жақын жүрген экипаж барды. Взвод командирі Самат Сәбит бірден бушлатын шешіп, суға кіріп кеткен. Ал инспектор Сәкен Тасқын көпірден құтқару шеңберін лақтырған. Бірақ судағы ер адам ешқандай реакция танытқан жоқ. Сол кезде взвод командирі жүзіп барып, оны ұстап алған. Сосын жағаға алып келген. Сол жерде әріптестері көмектескен.
"Ол кісінің күртешесі суланып үлгермеген, ішінде ауа болғасын су бетінде ұстап тұрған. Мен оны мықтап ұстап, жағаға сүйреп апардым. Бірақ мұзды суда аяғым тартылып қалды", – дейді полицей.
Самат Сәбит ішкі істер органдарында 2011 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Төрт бала тәрбиелеп отыр. Полицейлер 51 жастағы ер адамның көпірден не себепті секіргенін анықтап жатыр.
Айта кетері, қыркүйек айында полк инспекторлары Сәкен Тасқын мен Ринат Мұхамеджанов үйдің төртінші қабатында ашық терезеден қарап тұрған баланы құтқарды. Пәтер есігі жабық болған. Тәртіп сақшылары бесінші қабаттың терезесі арқылы бөлмеге кірген. Біреуі арқан байлап, терезеден түскен. Ал екіншісі оны ұстап тұрған. Сонымен қатар жазда олар жедел жәрдем бригадасын шақырып, есігін аша алмай қалған қарт әйелге көмек көрсетті. Сол кезде де полицейлер жоғары қабаттан арқанмен балкон арқылы кірген. 86 жастағы әже жерде құлап жатқан.