АСТАНА, 8 қараша – Sputnik. Әділдік болмаса, мықты мемлекеттің өзі автократияға айналады. Атырау облысында жалпыұлттық маңызы бар мәселелерге арнайы тоқталған Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді.
"Біз мықты мемлекет құрып жатырмыз. Бірақ елдің дамуы үшін әділдік түбегейлі орнығуға тиіс. Онсыз халықтың мемлекетке деген сенімі де болмайды. Сондықтан әділдік идеясы – менің саяси бағдарымның ең басты өзегі. Бұл мақсатқа жету үшін, ең алдымен, заңдарымыз әділ болуы керек", - деді мемлекет басшысы.
Ол мемлекеттік саясат заң арқылы жүзеге асырылатынын атап өтті. Реформалардың басты мақсаты – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту екенін айтты.
"Мен өткен аптада еліміз үшін айрықша маңызы бар бірқатар заңға қол қойдым. Оның ішінде сайлау заңнамасына енгізілген өзгерістерді ерекше атап өткім келеді. Жаңа заңдар шын мәнінде халықтық сипатқа ие өкілді органдар қалыптастырады", - деді ол.
Президент ел алдында абырой-беделі бар, қолынан іс келетін жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жағдай жасалып жатқанына ден қойды.
"Аралас сайлау жүйесі депутаттардың атқарушы билікке ықпалын күшейте түседі. Сондай-ақ, өңірлердің мәселесін мемлекеттік деңгейде уақытылы көтеруге септігін тигізеді. Партия құрудың жаңа әділ ережелері енгізілді", - деді Тоқаев.
Айтуынша, бұл қадам азаматтардың саясатқа араласу мүмкіндігін арттырады. Олар мемлекеттік маңызы бар шешімдерді қабылдауға қатыса алады.
Айтуынша, бұл қадам азаматтардың саясатқа араласу мүмкіндігін арттырады. Олар мемлекеттік маңызы бар шешімдерді қабылдауға қатыса алады.
"Елімізге басқарушылардың жаңа буыны керек. Әсіресе, жоғары және орта буын басшыларының құрамын жаңарту аса маңызды. Сол үшін мемлекеттік қызметке ауқымды реформа жүргізуді жоспарлап отырмыз", - деді Тоқаев.
Ол түрлі салаға білікті мамандар тарту үшін бәріне бірдей мүмкіндік берілетініне тоқталды.
"Меритократия – басты қағидатымыз. Әсіресе, басқару ісіне аймақтардан шыққан мықты менеджерлерді тартуға баса мән береміз. Ел игілігі үшін еңбек еткісі келетін білімді, дарынды азаматтар әр аймақта бар. Оларға жол ашу – мемлекеттің міндеті", - деп түйіндеді президент.