Үлескер тартуға рұқсаты жоқ құрылыс компанияларының тізімі жарияланды

Sputnik
АСТАНА, 7 қараша – Sputnik. Астанада құрылыстың бастапқы сатысында үлескерлердің ақшасын қабылдауға тиісті рұқсаты жоқ құрылыс ұйымдарының тізімі жарияланды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Заң бойынша құрылыстың бастапқы сатысында үлескерлердің ақшасын тарту үшін "Жобалардың мемлекеттік ведомстводан тыс сараптамасы" ШЖҚ РМК оң қорытынды беруі керек.
"Үлескерлердің қаражатын рұқсатсыз қабылдауға заңмен тыйым салынады, бұл ретте Қазақстан Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 320-бабы, сондай-ақ Қазақстан Қылмыстық кодексінің 214-бабы бойынша кәсіпкерлік қызметтің тыйым салынған түрімен айналысқаны үшін жаза қарастырылған", - дейді әкімдік қызметкерлері.
Осы орайда мамандар тізімде көрсетілген көппәтерлі тұрғын үй кешендері бойынша алдын ала брондау шарты, резервтеу шарты, инвестициялау шарты, талап ету құқығын басқаға беру шарты жарамсыз болып саналатынын ескертті. Толық тізімде мына жерден көруге болады.
Барлық сұрақ бойынша Астана қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы 8 (7172) - 55-04-28, 55-67-03 телефондары арқылы жауап береді.