АСТАНА, 7 қараша – Sputnik. Үкіметте орталықтандырылған деңгейде балабақшаларға бірыңғай кезекті іске қосу мәселесі талқыланды. Бұл бюджет қаражатын үнемдеуге және орындарды бөлу кезінде сыбайлас жемқорлықты болдырмауға мүмкіндік береді, деп жазады Primeminister.
Екінші деңгейлі банктер қосымшалары мен Egov арқылы кезекке тұру және тиісті жолдама алу қарастырылған.
Әлихан Смайылов бұл бастаманы қолдап, жаңа жүйеде ұйымдастырушылық тәртіпті, оның ішінде қосарланған кезекті болдырмауды, балалардың деректерін тексеруді толық қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
Кеңесте білім беру жүйесін дамыту бойынша өзге де ұсыныстар қаралды.
Оқу-ағарту министрлігі халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларға мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жекеменшік мектептерде оқу кезінде жаппай оқыту қорынан көмек алуға мүмкіндік беруді ұсынды. Қазіргі уақытта бұл норма мемлекеттік мектептерде ғана қолданылады. Премьер-министр бұл ұсынысты қолдады,
"Сондай-ақ, қиын жағдайдағы және мемлекеттік тапсырыс алатын балабақшаларға баруға мүмкіндігі жоқ отбасылардан шыққан балалар үшін тамақтануға ақы төлеу мәселесі қаралды. Бұл шараны 2023 жылдың басында іске қосылатын "Отбасының цифрлық картасы" сервисі арқылы жүзеге асыру ұсынылды", - делінген ақпаратта.
Премьер-минситр қаражатты мақсатсыз пайдалануды болдырмау үшін тиімді игерілуін бақылауды қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды.
"Президенттің тапсырмасы бойынша білім беруге қомақты қаражат бөлеміз және жаңа бастамаларды іске асыруға қосымша ақша бөлуге дайынбыз. Бірақ сапа мен тиісті бақылауды қамтамасыз ету қажет", - деді Смайылов.