"Түскі ас, темекі, су әпереміз": Оралда кондуктор жүргізушілерге шағымданды

Sputnik
АЛМАТЫ, 7 қараша – Sputnik. Оралдағы қалалық №2 жолаушылар бағдарының кондукторы желіде шағымын жариялады. Оның айтуынша, қоғамдық көлік жүргізушілері кондукторларды темекі, түскі ас және су алып беруге мәжбүрлейтін көрінеді. Бұл туралы жергілікті "Мой город" сайты жазды.
Кондукторлардың айтуынша, әр ауысым сайын жүргізушілерге 5 000-10 000 теңгеден беруге міндетті көрінеді. Бас тартқан жағдайда автобус жүргізушілері кондукторларды рейске алмайды немесе жұмыстан кетуге мәжбүрлейді екен.
"Бұрын ақшаны кассаға жеткізу жүргізушілерге жүктелетін. Алайда электронды билет жүйесі енгізілгеннен кейін оларға жалақы қойылды. Яғни, кондуктордың жалақысы жолаушылардың санына байланысты, ал жүргізушілердің таза жалақысы 300-400 мың теңге аралығында. Жүргізушінің талабы орындалмаса, жолаушылар аз болуы үшін әдейі алдыңғы автобусты қуып жетуге кіріседі. Осы қысымдардан кейін кондукторлар қолма-қол ақшаны қалтаға басып, әйтеуір жүргізушіні қуантуға тырысамыз", - дейді кондуктор.
Кондукторлар сондай-ақ Smartqala жүйесінің қызметкерлеріне де шағымданды. Олар да ішінара тексеру кезінде кондукторларға ақшаны бөлісуге мәжбүрлейтінін айтты.
"Осы факті жария етілсін және құзырлы органдардан көмек сұраймыз. Мұндай жағдайда жұмыс істеу мүмкін емес", - дейді кондуктор.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметі қазір
№2 бағдардағы "Батыс Қазақстан автобус паркіне" уақытша қызмет көрсететінін хабарлады. Бұл бағытта тұрақты түрде жолаушылар тасымалдайтын компанияны анықтау үшін қараша айында конкурс жарияланады.
Ал шағым айтқан кондукторды әкімдік "Батыс Қазақстан автобус паркіне" жіберіп, мәселені сол жерде шешуге кеңес берген. Сондай-ақ тұрғындардан аталған шағымға қатысты фото, бейне немесе аудио жазбасы және қоғамдық көліктің мемлекеттік нөмірі жазылған қандай да бір ақпарат болса, хабар беруді сұрады.