АСТАНА, 7 қараша – Sputnik. Мемлекеттік тілді білмеу Қазақстан азаматтығына қабылдаудан бас тарту үшін қосымша негіз болуы мүмкін. Бұл туралы үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың депутаттық сауалға берген жауабында айтылған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бұған дейін мәжіліс депутаттары премьер-министрге Ресей азаматтарының Қазақстанға көші-қоны туралы депутаттық сауал жолдаған еді. Мәжілісмендер қоныс аударғандардың қос азаматтығын тексеруді және құқықтық шаралар қабылдауды сұрады.
Осыған байланысты үкімет заңнамаға Қазақстан азаматтығын алуды қиындататын нормалар енгізбек.
"Қазіргі уақытта "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" заңға мемлекеттік тілді, тарих пен ұлттық заңнаманың негіздерін білмеуді азаматтыққа қабылдаудан және қалпына келтіруден бас тарту үшін қосымша негіз ретінде көздейтін, сондай-ақ қос азаматтығы фактілерінің алдын алуға бағытталған түзетулер әзірленді", - делінген Әлихан Смайыловтың жазбаша жауабында.
Оның айтуынша, заңнамалық бастамалар парламент депутаттары бастама жасаған "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" заң жобасы бойынша үкімет қорытындысының жобасына енгізілді.
Сондай-ақ премьер-министрдің ақпаратына сүйенсек, елімізде мемлекеттік тілді, қазақ халқының дәстүрі мен мәдениетін үйренгісі келетіндер үшін 40 Достық үйінде 74 жексенбілік мектеп жұмыс істейді. Ол жерде мемлекеттік тілді үйренумен қатар, қазақ мәдениеті мен әдет-ғұрпымен таныстыру іс-шаралары өткізіледі. Мигранттар мемлекеттік тілді әкімдіктер жанындағы "Тіл" оқу-әдістемелік орталықтарының базасында да үйрене алады.