Кореяда қаза болған қыздың өлімінен ақша тапқысы келгендер болды – министрлік

Sputnik
АСТАНА, 7 қараша – Sputnik. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Сеулде Хэллоуинді мерекелеу кезінде қаза болған қазақ қызының өлімінен ақша тапқысы келген адамдар туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сол күні 26 жастағы Мәдина Шерниязова достарымен бірге Итэвон ауданындағы көшеге Хэллоуинді мерекелеуге барған. Адамның көп болғаны сонша, халық тар көшеге сыймай қалған. Ал ортада қалғандар қысылып қалып, жан тапсырды. Ақтөбе облысының тумасы да көз жұмды.
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, қайғылы оқиғадан пайда тапқысы келген адамдар болған.
"Өкінішке қарай, арам ниетті адамдар бар. Олар осы өлімнен кейін пайда тапқысы келген. Әлеуметтік желіде ақша жинауды бастапты. Бірақ Корея марқұмның денесін жеткізу бойынша барлық шығынды өзі өтеп берді. Ал оны жеткізуге ақша жетпей жатыр деген ақпараттың бәрі жалған", - деді Смадияров астанада өткен брифингте.
Оның айтуынша, 3 қарашада Мәдинаның денесі Алматыға, ал ертесінде Ақтөбе қаласына жеткізілді. Барлық жол шығынын Корея төледі.
Кореяда қаза тапқан студент сәуір айында магистратураны бітіруге тиіс болған