АСТАНА, 7 қараша – Sputnik. Ішкі істер министрлігінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов ерлі-зайыпты ұйымдастырған қылмыстық топқа қатысты істің мән-жайын айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қараша айында министрліктің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті бірнеше притон ашқан қылмыстық топты ұстады. Оған 7 адам кірген.
"Тергеу кезінде ерлі-зайыптының тұрақты табыс табу мақсатында қонақүй кешенін жалға алып, жезөкшелікпен айналысатын притон ашқаны анықталды. Осыны іске асыру үшін жақын туыстарын да тартқан. Олар әкімші, таксист қызметін атқарды. Ал жезөкшелікпен айналысатын адамдарды таныстар арқылы тартқан. Бұрын осы іспен айналысқандарды да тапты", - деді Нұрмағамбетов министрлікте өткен брифингте.
Келісімшарттың басты талабы - қонақүйде тұру. Ал табыс тең бөлінеді деп келісілген. Бірақ қылмыстық топтың ұйымдастырушылары қыздарды ұзақ ұстап қалу үшін қарызға батырудың амалын тауып отырған. Қонақүйдің есігі мен терезелеріне темір тор салған.
"Қыздардың көбісі елдің оңтүстігінен және Өзбекстаннан келген. Барлығы он қыз қызмет көрсетті. Ал ақысы 5 000 – 40 000 теңге болды. Қылмыстық топ көзге көрінбеу үшін тек түнде ғана жұмыс істеген. Қонақүйдің есігі ылғи жабық тұрды. Ішке тек тұрақты клиенттер қоңырау шалғаннан кейін ғана кірген. Күн сайын 50-ге дейін адам барған. Қылмыстық топты табысты арттыру үшін тағы бір қонақүйді жалға алды", - деп атап көрсетті Нұрмағамбетов.
Қазіргі кезде тергеу шаралары жалғасып жатыр. Төрт адам қамауға алынды. Үшеуі ешқайда кетпеу туралы қолхат жазды.
Ресми мәліметке сәйкес, жыл басынан бері адам саудасы бойынша 76 қылмыс тіркелген. Соның ішінде жезөкшелікпен тарту (5), кәмелетке толмағандарды сату (9), кәмелетке толмаған балаларды жезөкшелікпен айналысуға тарту (7), адам саудасы (14) және притон ұйымдастыру (41) істері бар.