АСТАНА, 6 қараша – Sputnik. Адамдардың жаппай сығылысуына әкелген акциядан кейін Шымкенттегі спорт киімдері дүкенінің иесі айыппұл төлейді. Бұл туралы Шымкент полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Қаракөзова мәлімдеді.
Әлеуметтік желілер мен Telegram арналарында Шымкенттегі оқиғаның видеосы тарады. Спорт киімдері арзанға сатылады дегенді естіген жұрт жаппай дүкенге ағылған. Салдарынан адамдар есік алдында кептеліп қалды.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, 5 қараша күні Тәуке хан даңғылының бойында орналасқан сауда үйлерінің бірінде дүкен иесі спорт киімдерін төмен бағамен сату акциясын ұйымдастырған.
"Осыған байланысты жергілікті тұрғындар сауда орнына жаппай жиналған. Соның салдарынан мекеменің ашылуы кезінде кептеліс болды. Зардап шеккендер жоқ. Бүгінде Еңбекші аудандық полиция бөлімінің полицейлері сауда орнының иесін анықтады. Ол әкімшілік жауапкершілікке тартылады", - деді Қаракөзова.
Шымкент полициясынан атап өткендей, адам көп жиналғаны туралы дабыл түскен бойда учаскелік инспекторлар оқиға орнына жетіп, сауда үйінің аумағында кешке дейін тәртіпті қамтамасыз еткен.