АСТАНА, 6 қараша – Sputnik. Қостанай әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі Карбышев көшесіндегі жаяу жүргіншілерге арналған жолды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан видеоға қатысты түсініктеме берді.
Қала тұрғындары жол жөндеу жұмыстары күн суығанда жүргізілгеніне әне жауапты тұлғалар жұмыс сапасын қадағаламағанына наразы болды.
"Бастысы – ақшаны игеру. Жап-жақсы тротуар еді", - деп шамданды қостанайлықтар.
Осыған байланысты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі технологияны бұза отырып орындалған жұмысты мердігерден қабылдамаймыз деп уәде берді.
"Қостанай қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мен "Жаңа өмір 2012" ЖШС арасында 292 миллион теңгеге жаяу жүргіншілер жолын жөндеу бойынша келісімшарт жасалды. Келісімшартқа сәйкес мердігер 2022 жылдың 31 қазанына дейін ауданы 33 500 шаршы метрді құрайтын жаяу жүргіншілер жолына тас төсеу жұмыстарын орындауы керек болатын", - деді әкімдіктегілер.
Бірақ, бүгінгі күні мердігер атқарған және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімімен қабылданған жұмыс көлемі жалпы көлемнің 70%-ін құрап отыр. Атқарылған жұмыстар үшін ЖШС-ға 144,7 миллион теңге аударылды.
"Келісімшартта көзделген жұмыстар мерзімге сай орындалмады. Құрылыс-монтаждау жұмыстары қолайсыз ауа райы жағдайында технологияны бұзып жасалды. Аязды температурада ылғалды құмды пайдалану арқылы жүргізіліп жатқанын ескере отырып, талапқа сай емес орындалған жұмыстар қабылданбайды", - деп сендірді әкімдіктегілер.
Сондай-ақ, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінде құрылыс-монтаждау жұмыстарын сапасыз жүргізгені, жұмыстардың бекітілген жұмыс кестесінен кешіктірілген үшін мердігерге бірнеше рет шағым жолданғанын хабарлады.
Қазір "Жаңа Өмір 2012" ЖШС-ны жосықсыз жабдықтаушылар тізіміне енгізу туралы сотқа талапарыз дайындалып жатыр.